Кез келген халықтың пайда болуы және шежіресінің қалыптасу тарихы – өте ұзақ та күрделi процесс. Бұл тарихи процесте шежірелік шығармалардың атқаратын қызметі орасан зор. Қазақ әдебиетінің тарихындағы шежірелік шығармалар - ұлттық сөз өнеріндегі алғашқы жазба үлгілері болып табылады. Жазба әдеби дәстүрдің қалыптасуында алғашқы іргетас болып қадалған бұл туындылар әдеби дамудағы тарихилық заңдылығы аясында бағаланады. Шежірелік шығармаларды айтқанда сонау ХV-ХVII ғғ. З.Бабырдың «Бабыр-нама», К.Бинайдың «Шайбани-наме», М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Қ.Балхидың «Тарихи-и Қыпшақ», Қ.Жалайырдың «Шежірелер жинағынан» бастап, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қ.Толыбайұлының «Баба тілі», Ә.Баһадүрдің «Түрік шежіресі», Ш.Уәлихановтың «Қазақ шежіресі», А.Құнанбайұлының «Біразсөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз қазақ һәм хандар шежіресі» және т.б. шығармашылық тұлғалардың шежірелерін атауға болды. Соның ішінде, Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз қазақ һәм хандар шежіресінің» қазақ халқының шығу тегі мен қазақ шежіресінің қалыптасу тарихына тигізетін әсері орасан зор.
Шәкәрімнің өмір жолы және әдеби тұлғасы
Ш.Құдайбердіұлы – қазақтың кең байтақ даласынан шығып болмыстың терең сырларын айқара ашып түсіндірген философ; табиғаттың ғажайып құпияларын көркем сөзбен жеткізі білген ақын; нәзік музыкамен адам көкірегін аша білген композитор; шыққан халқының адамзат қоғамындағы алған орнын анықтаған тарихшы.
Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы Семей өңірінде Шыңғыстауды атақоныс еткен, өз заманының биік тұлғаларының бірі болған атақты Құнанбай қажының ұлы Құдайбердінің шаңырағында 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Әкесі Құдайберді 1866 жылы отыз жеті жасында дүниеден өткенде, бала Шәкәрім небары 7 жаста болған. Анасы Дәметкен туралы мәлімет аз.
Ш.Құдайбердіұлы өзінің балалық шағын «Түрік, қарғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде» былай деп жазады: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлық атамыз хажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрын ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғанда хажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау қылып, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім. Әйтсе де, түркі танып, орысша хат танып қалдым» (Құдайбердіұлы, 2007, 81 б.).
Осы орайда, балалық шағында Алаш арыстарының тізесінде отырып ер жеткен үздік абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың «Шәкәрім өз өмірін өзі жазып кеткен адам» деген ұлағатты сөзі еріксіз еске оралады (Шәкәрім мен Қайым, 2009, 336 б.].
Белгілі қаныштанушы жазушы, деректі шығарманың майталманы М.Сәрсеке: «Шәкәрімнің өмірі өз өлеңінде, өз еңбегінде тұр емес пе», - деген пікір айтқан (Сейсенұлы, 2007, 11 б.).
Ол он бес жасында домбыра, гармонь тартуды үйреніп, қаршыға, бүркіт салып, саятшылық құрып, сурет салуға да бейім болған. Атасы Қ.Өскенбайұлының ауылында орталықтағы ғылым, техника жаңалықтары мәлім бола бастағанда Ш. Құдайбердіұлы солардың, мысалы, телеграмма, күй аспабы – орган, сағат жүрісі құпияларын білуге құштар болды.
Ш.Құдайбердіұлы өз бетімен көп оқып, рухани қазыналарға тереңірек үңіліп, білім-ғылымның қадір-қасиетін терең түсінуге ден қояды. Оның талантты ақын болып қалыптасуына А.Құнанбайұлының қамқорлығында болуы қатты әсер еткен.
Ш.Құдайбердіұлы қоғамдық, әлеуметтік, рухани-мәдени, әдеби өмірге белсене араласып, гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздады. Ол - ақын, прозаик, аудармашы, философ, тарихшы ретінде артына мол мұра қалдырды. Жазған шығармаларының көпшілігі революцияға дейін де, одан кейін де баспада жарияланып келді.
Октябрь революциясына дейін оның бірнеше кітаптары жарық көрді: «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» 1911 жылы Орынборда басылды, «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары 1912 жылы Семейде жарияланды. Осы жылдары Ш.Құдайбердіұлы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің көтерген мәселелеріне белсенді араласып, бірнеше мақалалар жазды.
Революциядан кейін шығармаларының ішінен жарық көргендері: «Абай» журналының 1918 жылғы 3-4 санында екі мақала, «Хафиздан аударма», «Ләйлі-Мәжнүн».А.С.Пушкиннің «Дубровский» романын қазақша өлеңмен аударғаны 1924 жылы Семейде басылса, «Боран» повесінің аудармасы «Әдебиет майданы» журналының 1936 жылғы 2-санында жарық көрді. Ш.Құдайбердіұлының бір топ өлеңдері «Қазақ әдебиеті» газетінің 1959 жылғы бір санында және Ленинградта шығатын «Ақын кітапханасы» сериясы бойынша 1978 жылы жарық көрген «Қазақстан ақындары» атты жинақта бірнеше өлеңдері алғашқы рет орысша басылды. 1988 жылы Ш.Құдайбердіұлының шығармаларының жинағы жарық көрді. Оған ақынның 164 өлеңі, 4 поэмасы, 3 прозалық шығармасы, үлкенді-кішілі 18 аудармасы енді.
Жоғарыда айтып өткендей Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз қазақ һәм хандар шежіресінің» қазақ халының шығу тегі мен шежіресінің қалыптасуына, тарихына қосқан үлесі орасан зор. Бұл кітап - Ш.Құдайбердіұлының ең алғашқы жарық көрген тарихи шығармасы.
«Түрік, қырғыз қазақ һәм хандар шежіресінің» жазылу барысы және еңбектің тарихи маңызы.
1905–1906 жж. Ш.Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған осы сапарын пайдаланып ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул кітапханаларынан, кейбір жорамалдар бойынша, Париж кітапханаларынан да туған халқының тарихына сəуле түсіретін кітаптарды оқиды. Қолы жеткен деректер көзін орыс, Еуропа тілдеріндегі кітаптардан ұзақ жылдар бойы іздестіреді. Оларын шежіре жайлы айтылған қазақтың арғы-бергі аңыз əңгімелерімен салыстырады. Міне, осы аталған рухани қазына көздерінен жиған-тергендерін ой көзімен талдап, жүйелей келіп, қазақ шежіресін өлең түрімен «Қазақтың түп атасы — батыр Түрік» деп өрнектеген. Ш.Құдайбердіұлы шежіресінің басты ой қазығы қазақтардың шығу тегі, нəсілі арабтардан емес, түп төркіні көне түркі əлемінде жатқанын ғылыми, дəлелді, нақтылы тарихи деректер ала отырып, А.Құнанбайұлы бағдар берген тарихи танымды одан əрі жалғастыруында жатыр.
Бұлардың әрқайсысының мән-маңызын даралай отырып, Ш.Құдайбердіұлының еңбегін өзінше бір елеулі дүние деп білеміз. Тағы бір абайтанушы ғалым М.Мырзахметов айтқандай: «Шәкәрім шежіресінің басты ой қазығы қазақтардың шығу тегі, нәсілі арабтардан емес, түп төркіні көне түркі әлемінде жатқанын ғылыми дәлелді, нақтылы тарихи деректер көзімен аша отырып, Абай бағдар берген тарихи танымды одан ары жетілдіре жалғастыруында жатыр» (Сейсенұлы, 2007, 264 б.).
Ш.Құдайбердіұлының шежіресі нақтылығымен, ғылыми негізінде жүйеленуімен, жалпы түркі елдерінің ата-тегінің түп төркінін қамти отырып, негізінен, қазақ халқының шежіресіне баса назар аударумен ерекшеленеді. Əлем тарихындағы халықтардан тек арабтарды тілге алмасақ, түркі, монғол халықтарынан басқаларда кездесе бермейтін бірегей рухани құбылысы өткендегі тарихи санамыздың нақтылы көрінісі ретінде пайда болған шежіреде жатыр. Сондықтан да атабаба мұрасы шежіреге ғылым төрінен орын беріліп, ғылыми негізде зерттеліп, бағалануы орынды қойылып отыр.
Əрбір саналы азаматтың өзінің шығу тегі мен нəсілін, руын танып, тарата отырып, шежіре білуі көп жылдар бойы тұрпайы танымның санамызға құйылып келгеніндей ескіліктің қалдығы емес, керісінше, тарихи санамыздың із-түзсіз жоғалып кетпеуінің тамырындай тот баспайтын қастерлі белгісі. Өйткені кез келген қазақ жеті атасын айтып берсе, ешқандай төлқұжаттық дерек-мағлұматтарға сүйенбейақ, оның қай ел, қай жерден шыққанын таратып, жіліктеп айтса, саңылауы бар қазақ баласы деп саналады. Сонымен, атамыз Адам пайғамбардан бері қарай атадан балаға үзілмей жазылып келген шежіре көшпелі жұрттардың көпшілігінде бар.
«Шəкəрім шежіресі — осынау көне салтты, кейініректегі Қадырғали Жалайыр, Əбілғазы-баһадүр хан дəстүрін жаңа заманда жаңаша жалғастырған құнды еңбек» (Архарбаева, 2004, 5 б.).
А.Құнанбайұлының тапсыруымен жазған осы шежіресі жайлы ол: «Абай қазақ шежіресін жаз деп, он тоғыз жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым. Абайдың ұқтыруымен және сол кісінің ел-елге кісі жіберіп, хат жазып жинақтаған мағлұматтары да шежіреде бар», - дейді. Жылдар бойы зерттеп жазған еңбегін «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген атпен 1911 жылы Орынбор қаласында өз қаражатымен бір мың дана кітап етіп бастырып шығарады. Ол кітап жарық көргеннен кейін де мазмұнын дәйектеуден тынбады. Өмірінің соңғы жылы 1931 жылы С.Мұқановқа жазған хатында: «Мен жақында «Шежіренің...» жоғалып кеткен бөлігін тауып алдым. Алдыңғы басылымында кеткен қателерді, түсіп қалған сөздерді балаларға іздетіп, қайта жазып, түзетумен айналысудамын», - деп есіне салады (Сыдықов, 2018, 122 б.).
Ш.Құдайбердіұлының шежіресі қазақ халқының тарихын дұрыс баяндау және қазақтың түп атасын анықтап ашып беру мәселесінде ешқашан тарихи маңызын жоғалтпайтын баға жетпес асыл мұра.
Тіпті, жарық көрген күннің өзінде де халық Ш.Құдайбердіұлының шежіресіне үрке қарап, күдік-күмәннан арыла алмады. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін ғана Ш.Құдайбердіұлының тарихи еңбегін зерттеу қолға алына бастады.
«Түрік, қарғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» - мазмұны жағынан үздік және қазақ тарихы бойынша ең алғашқы шығарма болды. Ш.Құдайбердіұлын қазақ мемлекеттілігінің тарихы бойынша ең үздік және зәру кітаптың авторы деп, ең алғашқы қазақ тарихшысы деп санауға толық негіз бар.
Замандастары мен артынан ерген аға-інілері еңбекті жоғары бағалады. Ә.Бөкейханов шежіреге былай деп баға береді: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шаһкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес» («Қазақ», 2019, 30 б.).
Осы газеттің 1913 жылғы 2-ші санында жарияланған қыр баласының пікіріне, кейбір ескертпелеріне 1914 жылы 61-ші санында Ш.Құдайбердіұлы жауап кайтарып «...Шежіремді бағасынан артық мақтағаныңызға қуанбасам да қазақты шежіре оқуға қызықтырғаныңызға тәңірі жарылғасын» деп ризашылығын білдірді.
Кейінірек осы газетте жазушы Ж.Аймауытұлы «Желкек» деген лақап атпен енбекке ерекше ілтипатпен сипаттама берді. «Қазақ» газетінің 1916 жылдың 9 ақпанындағы 168 нөмірінде «Шәкәрім ақсақалға» деген мақаласында: «Қадірлі Шәкәрім «Түрік... шежіресін» терең оқып, ойлап және салыстырып барып, жазғанда өте жауапкершілікпен қарады. Осыған байланысты оны қазақтың «Карамзині» десем, артық айтпаған болармын. Түркілердің тарихымен танысқысы келгендер бұл кітапты оқымай кете алмайды» («Қазақ», 2019, 30 б.).
Ш.Құдайбердіұлының қасиетті ата-бабалары жайлы кітабы қазақ жұртшылығын дүр сілкіндірді, автор отандастарының ұлттың тарихына деген қызығушылығын тудыра алды. «Түрік.... шежіресі» қазақ тарихы бойынша жұмыс жазғысы келген көптеген білімді адамдардың шығармашылығына әсер етті. Семейде, Орынборда, Омбыда тек ұлттық тарихты ғана емес, қазақтардың діни танымының тарихы бойынша да жазатын талантты зерттеушілер пайда болды.
Пікірлер мен зерттеулердің көбі 1913-1918 жылдары Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газетінде жарияланды. Газеттің тұрақты редакторы А.Байтұрсынұлы екені белгілі. Сонымен біргe 1911- 1915 жылдары Троицкіде шығып тұрған жаңа «Айқап» журналы да мұны елеусіз қалдырмады. Бұл басылымдар қоғамның әр текті оқымыстылары сұхбатының алғашқы үлгісі болды.
«Қазақ совет энциклопедиясында» шежіре туралы айтыла келіп: «Шежіре топтаудағы дерегі мол еңбектер: Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі» деп, ең әуелі «Түрік, қарғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» атаған («Қазақ совет энциклопедиясы», 1972, 232 б.).
Ш.Құдайбердіұлы «Шежіреге» қайта толықтырып, қатесі болса түзеп, тағы бастырмакқ ойда болғанын «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 15 қазандағы санында жариялаған «Барша қырғыз-қазақ білімділеріне ашық хат» деген мақаласынан білуге болады. Онда Ш.Құдайбердіұлы былай деп жазды: «Кем-кетік болса да «Қазақ шежіресін» жазып, бір мың кітап бастырып едім. Ол таралып бітті. Өмір болса тағы бастырмақ едім. Сол себепті соны оқып көргендеріңізден өтінемін: алыстан естігендіктен бергі аталарда қатесі болса, шын, анығын тауып, не хат арқылы өзіме, не «Қазақ» газеті арқылы білдірсеңіздер еді. Егерде арғы жердегі сөздердің қатесі бар деушілер болса, оны дәлелмен, білімді жұртты шежіресімен анықтау керек. Олай болмағанда, ғана «менікі дұрыс» деген сөз толық болмайды.
Әрине, әркім өз атасын анық біледі. Әр таптың талапкерлері бір-бір шежіре жазып бастырғаны жақсы. Мысалы, Қуандыкты, Сүйіндікті, Атығай, Қарауылды дегендей. Әрқайсысын бір-бір кітапша қылса жарар еді. Әйтеуір, басын біз бастадық, ендігісін өзі жазса да яки бізге кешіктірмей анық хабар қылса да толықтырмақ әр таптың талаптыларына міндет деп білемін» («Қазақ», 2009. 239 б.).
Алайда оның бұл игі мақсаты орындалмады. Сол 1911 жылғы басылым осы күнге дейін көпшілік колына тимей келеді.
КСРО орнағаннан кейін Ш.Құдайбердіұлының шежіресі жарыққа шықпады. Оның себебін ғалым Қ.Мұхамедханов былай түсіндіреді: «Баяғы отаршыл патша үкіметінің қол астындағы «бұратана» атанған халықтар жөніндегі қолданған зұлымдық саясатының бірі - олардың тарихын жоққа шығарып, ата-бабаларын ұмыттырып, ұлттық қасиетін мүлдем жою болатын. Кешегі сталинизм дәуірінде де «көсемге» көз жұмып табынған ресми тарихшылардын бұрмалап, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп жазып келгені баршаға мәлім. Сталиннің кеселді кер заманында ата-бабамыздың атын атаудан қорықтық. «Түрік» деген сөз аузыннан шықса, «пантюркизм» дейтін пәлеге қалдық, «ұлт» десек, ұлтшыл атандық, «хан», «би» дейтін сөздердің өзі құбыжық көрінетін болды. Сондықтан Шәкәрім шежіресі 1911 жылдан кейін жарық көруден қалды» (Шәкәрім, 2009, 108 б.).
Шәкәрім Құдайбердңұлы шежіресінің құрылымы, мазмұны және ондағы дереккөздер.
Ш.Құдайбердіұлы орыс ғалымдарының, Шығыс тарихшыларының еңбектерін оқып, зерттеп, оларға тарихи шолу жасайды. Ел ауызында бұрыннан айтылып, сақталып келе жатқан тарихи аңыз-әңгімелерге көңіл бөліп, айтылған оқиғаларды тарихи кітаптардағы мәліметтермен салыстыра отырып, еңбегінде пайдаланады.
«Шежіре...» - Шәкәрімнің әлі зерттелмеген еңбегінің бірі. Оны зерттеп, талдап, әділ пікір айту - ең алдымен тарихшы ғалымдарымыздың борышы болуы керек. Шежіренің құрылысы былай:
- кіріспе;
- шежіре басы. Мұнда ол түрік тарихшысы Нәжип Ғасымбектің, Абұлғазы Баһадур ханның, т.б. шығыс тарихшыларының еңбектеріне шолу жасап талдайды;
- қазақтың қайдан шыққаны жөнінде. Мұнда үш жүзден бастап, негізгі-негізгі руларға тоқталады. Әсіресе кеңірек сөз ететіні - Орта жүздегі Арғын рулары;
- хан шежіресі (үлкен тарау);
- Шыңғыс хан шежіресі (бұл да көлемді тарау);
- Стамбулдағы Ғұсманды түрік һәм сұлтандары;
- Парсыдағы һәм, Закавказдағы түрік нәсілі; сарт, өзбек, ноғай, башқұрт, қалмақ һәм тілеуіт. Түрікмен, Якут, Оранхай, Енесейдегі түрік, күншығыс Түркістандағы түріктер.
Шежіре осымен аяқталады. Соңында жарияланған өлеңдері: «Максуд», «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ», «Қош».
Ш.Құдайбердіұлының шежіресінде жалпы тарих, тіл мен әдебиет, этнография туралы, тарихи тұлғалар жайлы және басқа да әлеуметтік, тарихи мәселелерге байланысты, маңызын жоймаған деректер мол. «Түрік, қарғыз, қазақ һәм хандар шежіресіндегі» мұндай деректер қазақ халқының тарихының, әдебиетінің кейбір жеке мәселелерін анықтап, айқын түсінуге жол сілтейді.
Шежіреде қамтылған мәселелерді атап қана өткеннің өзінде мазмұн байлығы көзге түседі. «Шежіредегі» мынадай тараулар - «Қазақтың қайдан шыққаны», «Қазақтың үш жүзге бөлінгені», «Ұлы жүз жайы туралы», «Кіші жүз», «Орта жүз», «Арғын», «Әмір-темір нәсілі», «Шыңғыс хан» т.б. мәселелердің қойылысы, деректері, түрік жұртының арғы аталары туралы бұрынғы жазбаларда айтылған, пікірлерді автор өзінше сұрыптаулары қызық.
Кейбір деректердің, аңыздардың мазмұнын келтіреді де Ш.Құдайбердіұлы «ертегі сықылды қисынсыз сөз» деп келіспей немесе «өз ойынша төменгі сөзге қисындырамын» деп ой-пікір жарыстырады, айтқаны дәлелді болу үшін оқыған кітаптарына сілтемелер жасайды. Сөйтіп, ол қазақ тарих ғылымында осы күнге дейін дұрыс, терең, ғылыми шешім таппай келе жатқан қазақтың қайдан шыққаны, үш жүзге бөліну себептері, атақты адамдары, олардың таңбалары, тағы басқа ерекшеліктері сияқты проблемаларды зерттеу, шешу қажеттігіне көңіл бөлген, қозғау салған.
«Шежіре» кіріспесінде Ш.Құдайбердіұлы былай деп жазды: «Қазақтың түпкі атасынын жайын білмек болып, көп уақыттан берлі сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым, ол оқып көрген кітаптардағы сөзді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, отан тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, жаздым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: «Тәбри- тарих ғұмуми, Тарих ғұсмани, Тарих антшар аласлам, Нежип Ғасырбектің түрік тарихы, Әбу Алғазы Баһадур ханның язган шежіресі, түрік және һәм түрлі кітаптардан алынған сөздер. Орысша кітаптардан оқығаным: Радловтың ұйғыр туралы, Еристовтың түркі нәсілі туралы дуниедегі һәм түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірілген сөздері. Оның ішіндегі түрктің ең ескі заманындағы шежірелері - «Құдатқу білік», «Кошу чидам» деген кітаптардың сөзі және қытайдың Иуан-Шауу-ми-ши деген жазушысының сөзі және араб-парсы, рум, европа жазушыларының сөзі» (Құдайбердіұлы, 2007, 3 б.).
Бұл жазбалардан анықталатыны: Ш.Құдайбердіұлы тарих койнауына, кұпия сырына үңілместен бұрын Шығыс елдері туралы өз заманына дейінгі және сол кезде айтылған қалыптасқан ғылыми, тарихи пікір-тұжырымдармен таныс болған, көп ізденген, бірсыпыра кітаптар оқыған, окығандарын өз ой елегінен өткізген. Демек ол ғылыми тарихи трактаттар жазу принциптерін, талаптарын, идеяларын, мақсат-міндеттерін анықтап алған. Мұндай талаптар қазір де қойылатынын ескерсек, Ш.Құдайбердіұлы бұл салада тағы да өз замандастарынан биік болғаны, қазақ топырағында ӘлФараби, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин салған ізді, аналитикалық ғылыми, тарихи қоғамдық ой-пікір жүйесін жалғастырушы, дамытушы екені аңғарылады.
«Шәкәрім Құдайбердиев өзі атаған, оқыған, сілтемелер келтірген қазақ және басқа халықтар тарихына байланысты материалдар тауып жүйелеуге тырысқан түпнұсқалардың, зерттеулердің көбі кезінде шығыстану ғылымына қосылған тамаша қазына болатын» (Сәтбаева, 1990, 37 б.).
Ш.Құдайбердіұлы белгілі тарихшы Ә.Баһадүрханның «Түрік шежіресі» атты еңбегін мұқият оқыған. Сол сияқты белгілі шығыс зерттеушісі, тюрколог, этнограф, археолог В.В.Радлов еңбектерімен ғалымның өзі тірі кезінде-ақ таныс болған. В.В.Радловтың «Ұйғыр туралы» деген кітабы Петербургте 1893 жылы шыққан. Одан бұрын В.В.Радлов Сібір мен Орта Азия түркі тілдес халықтарының көне тарихы, этнографиясы, археологиясы, мәдениетінің даму жолдары туралы құнды еңбектер жарыққа шығарып үлгергенді. Сол кезде ғалым шұғылданып жүрген көптеген мәселелердің бірі – көшпелі халықтардың тарихи даму ерекшеліктерін зерттегенде әсіресе түркі халықтарының шығу тегін олардын рулық құрамын анықтау арқылы білуге болады деп есептеген. Орыстың тарихшы ғалымдары Левшин, Березин, Спасский, Маевскийлерді де шежіресінде атап айтып, олардың еңбектеріне сілтеме жасап отырады.
«Қазақтың қайдан шыққаны» дейтін тарауы туралы, кітаптың соңында Ш.Құдайбердіұлы былай деп жазыпты: «Өзге жұрттың шежіре кітабын окымаған біздің қазақ осы 28-беттен бастап оқыса да болады» (Құдайбердіұлы, 2007, 6 б.).
Шежіреде «қазақ» атауының тарихи шығу тегі туралы деректер бар. «Қазақ» атауының төркіні жайындағы пікірлер сан алуан. «Қазақ» шығу тегі туралы қалам тартқан авторлардың ұзын саны 100-ден асып жығылады екен. Бұл жауабы беймәлім жұмбақты тарқатуға талпыныс жасап, қаузауға қатысып, қалам тербеген шетелдік басқа ұлт өкілдері де, қандас ғалымдарымыз да аз емес: Ш.Уалиханов, М.Ақынжанов, Х.Әділгереев, Ә.Марғұлан, Қ.Салғарин, О.Сүлейменов, Б.Көмеков, З.Қинаят т.б.
Ендi осы пікірлердің ең бастыларына тоқталайық. XIX ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы А.Құнанбайұлы өзiнiң «Бiрер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген әйгiлi қара сөзiнде: «Арабтар Орта Азияға жорық жасап келгенде, көшпелi халықтарды «хибай», «хузақи» деп атапты. «Хибай» - киiз шатырмен жүрушi деген екен. «Хузақи» дегенi — өз жұртында «хузаги» деген көшпелi халқы бар екен, соған ұқсатып айтқан екен... Сол уақыттың бiр ханы көшiп келе жатқанда, бұлардың тiркеу түйесiн көрiп, «мiне, мыналар шынымен қазақ екен» дептi. «Әдейi қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен» дептi. Сонымен, бұлар өзiн-өзi де, бұларды өзге жұрттар да «қазақ» атап кетiптi. Бұрын өздерiн «ұлыс» дейдi екен де жүре бередi екен», - деп жазады (Абай, 2020, 231 б.).
Ақын О.Сүлейменов «Язык письма» деген ғылыми еңбегінде қазіргі Иранның Бехистун аймағындағы тас жазу туралы былай дейді: «... Әзірге kazak (kasak, gazak, gzak, kozak) этнонимі біздің эрамызға дейінгі VI ғасырдағы Бехистун жазуынан хасактың дыбыстық тіркесімінен өзінің бастауын табады деп ойлаймыз.» (Сулейменов, 2004, 164 б.).
Бұл деректер «хасақ» (қоссақ - кассақ - қасақ - қазақ) атауы бұдан 2600 жылдай бұрын мәлім екендігін айғақтайтындай. Шошақ бөрік киетін сақтарды «тиграхауда сақтары» деп атағандығы тарихтан белгілі.
Ал фольклорист Ә.Диваев қазақ деген сөздi «қаз» және «ұзақ» деген екi құстың атынан бiрiгiп, қазақ болып қалыптасқан дейдi. Ол тағы бiр пайымдауында: «қазақ сөзiнiң әсiлi еркiн жүрген адам» деген ұғымнан алынса керек, оны халық аңызынан аңғаруға болады», - дегендi айтады (Оразбаева, 2012, 29 б.).
Тарихшы М.Х.Дулати өзiнiң «Рашидтiң тарихы» атты еңбегiнде Әбiлқайыр ханға қарсы шығып, Дештi-қыпшақ даласынан Батыс Жетiсуға қоныс аударған қазақ тайпалары жайында айта келiп: «Әбiлқайыр хан өлгеннен кейiн өзбек ұлысында ырың-жырың туып, даланы мекендеушiлер өзiнiң қауiпсiздiгi мен өз басының қамына бола, Керей хан мен Жәнiбек ханнан пана сұрайды. Сөйтiп, олар күшейiп алады. Алғашқыда әлгi қашқындар өз ұлысынан бөлiнiп кетiп, бiраз уақыт мал-мүлiксiз, қаңғып жүрген адамдар болғандықтан, оларды жұрт қазақтар (қашақтар) деп атап кеткен. Сөйтiп, оларға тағылған осы ат бекiп қалды», - дейдi (Дулат, 2020, 46 б.).
Түркия тарихшысы З.У.Тоған: «қазақ деп бiр саяси мақсатты көздеп, көтерiлiс жасау нәтижесiнде салт яки үй iшiмен бiрге өз қауымынан бөлiнiп шығып, өкiмет билiгiн алуға талпыныс жасаған сұлтандарды айтқан. «Қазақ» сөзi алғашқыда сұлтандарға ғана тән болған, кейiн оларға қарсы тайпалардың және олар құрған мемлекеттiң атына айналған», - дейдi («Тарих-адамзат ақыл-ойының қазынасы», 2008, 37 б.).
Атақты орыс ғалымы В.В.Радлов, А.Самойловичтер «қазақ» деген атауды «тәуелсiз, еркiн, ерiктi адам» деген мағынаға ие деп жазды. Ш.Құдайбердiұлы да жоғарыдағы пiкiрлердi қолдай келе, «қазақ» дегеннiң мағынасы «өз алдына ел болып, еркiн жүрген халық» деген сөз деп түсiндiрдi (Құдайбердіұлы, 2007, 75 б.).
«Қазақ» терминiнiң төркiнiн тым ерте заманға апарып тiреген әйгiлi ғалым А.Н.Бернштам болды. Ол «қазақ» сөзi жайындағы В.В.Радловтың, Г.Вамберийдiң, В.В.Бартольдтiң, А.Н.Самойловичтiң, Н.Я.Маррдың т.б. пайымдауларын талдай келiп, «қазақ» сөзiнiң шығу төркiнi мен қазiргi мағынасын екi дәуiрге бөле қарайды.
Орыс шежiрешiсi Никонның мәлiмдемесiнде: Кавказға келiп, Оңтүстiк Ресейге шабуыл жасаған Шыңғыстың әскерлерi бұдан бұрын да «қазақтарды» талаған деп жазады. Ал «Моңғолдардың құпия шежiресiнде» осы пiкiр қайталанып: «Солтүстiк жақтағы қаңлыларға, қыпшақтарға, байжiгiттерге, орыстарға, мажарларға, асаларға, сасаларға, шеркештерге, бұлғарларға жорыққа аттанып, Едiл мен Жайық өзендерiнен өтiп, Киев қаласына шабуыл жасау жөнiнде Сүбiтай батырға бұйрық берiлдi»,- делiнген. Орыс шежiрешiсi Никон «қазақтар» деп осы жолғы шабуылға тап болған қаңлы, қыпшақ, байжiгiт, аса т.б. ұлыстарды айтып отыр («Моңғолдың құпия шежіресі», 2009, 21 б.).
Жоғарыда баяндалған Батыс пен Шығыс тарихшыларының деректемелерiнде, оныншы ғасырдан бұрын пайда болған «қазақ» атауы осы пiкiрдiң дұрыстығын дәлелдейдi. Алайда «қазақ» атауы деректемелерде жарыққа шығысымен халық атына айналған емес, ол алғашқыда жеке ру-тайпаның аты ретiнде айтылған, содан соң тайпалар одағының бiрiккен ортақ атына айналған. Мысалы, кiшi жүз алшын ұлысының құрамындағы жетi ру (кердерi, керейт, табын, тама, жағалбайлы, телеу, рамадан) тайпалары «қарт қазақ» деп те аталып жүрген. «Қазақ» атауы кейiн келе кеңейiп, халық - ұлт атына айналған.
Шежіреде адамзаттың шығу тегі мен түркілердің түп атасы туралы меселелер де қарастырылады. «Шежіренің әуелгісі - бүкіл адамзат баласының жаратылуын «Адам Ата - Хауа Анадан» бері қарайғы таратылатын шежіре. Одан кейінгісі Нұқ пайғамбардан тараған ұрпақтар: Хам, Сам, Япес туралы. Түп атасы Япестен тамыр алған түркі тілді халықтар, оның ішінде қазақтар, өздерін алты Алаштан таратады» (Баянғазыұлы, 2015, 6 б.).
Бұл пікірмен Ш. Құдайбердіұлыда келіседі: « Жоғары әр түрлі шежіре кітаптардың сөзінен біздің қазақ Нұх пайғампардың Яфет деген баласының нәсілінен, қытайша – такуи, біздің тілде түрік аталған халықтан екені анық болды. «Түрік» деген «дулыға» деген сөз екен» (Құдайбердіұлы, 2007, 40 б.).
Осы арада сәл ғана шегініс жасап, Ш.Құдайбердіұлының «Қазақтың түп атасы» деп аталатын өлеңмен жазған шежіресінде «түрік» деген сөзге толығырақ берген түсіндірмесін де келтіре кетейік:
Болады араб жұрты – Самның ұлы,
Біледі шежіренің бәрі мұны.
Түріктің шын аты екен Надұлұше.
Түрік деп неге атанды тыңда соны.
Қарлы Алтай қатты суық тауда жүріп,
От жаққан Надұлұше оймен біліп.
Суықтан сөйтіп елін сақтаған соң,
Түрік деп хан көтерген патша қылып.
Оқ өтпес – түрік деген – темір тұмақ,
Ат қойған ұйқастырып елі тым-ақ.
Жан сақтар темір киім, от ел сақтар,
Емес пе жарасымды, көрсең сынап.
Аталған сөйтіп Түрік Надұлұше,
Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше.
Түріктен шыққан талай сайыпқыран,
Жер жүзі тітіренген түрік десе (Баянғазыұлы, 2015, 40 б.).
Ш.Құдайбердіұлы шежіресі бойынша: «Түріктен тараймыз, одан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, арғын, найман, керей, дулат, үйсін деген топтар шығып, солардың нәсілінен шыққанбыз. Ақырында Шыңғыс хан татар, моңғолды алып, төрт баласына ел бөліп бергенде, үлкен баласы Жошы менен кіші баласы Шағатайға татар атанған елді беріп, Жошыға тигені - жошы ұлысы, Шағатайға тигені - шағатай ұлысы атанған. Онан кейін біздің Жошы ұлысындағы аталарымыз Жошы нәсілінен Өзбекхан мұсылман болғанда барша Жошы ұлысы өзбек атанып, онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханнан бөлінгенде қырғыз, қазақ атанған елміз. Ол кезде ол атпен атанған ел, жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел болды. Оның көбі отырықшы өмірге кіріп, әр жерге барып бірталайы ноғай, башқұрт атанып, біразы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген ат бізде қалған», - дейді (Құдайбердіұлы, 2007, 40 б.).
Сонымен қатар еңбекті жазу барысында Ш.Құдайбердіұлы халықтың ауызекі тарихи деректерін де пайдаланған. Мысалы, қазақ хандығы құрылған кезеңде Әбілхайыр хандығындағы саяси жағдайды осы күнгі тарихи зерттеулер арқылы білеміз. Ал Әбілхайыр ханға қарсы Керей мен Жәнібек сұлтандардың бас көтерулеріне әкелген себеп ретінде қарақыпшақ Қобыландының арғын Ақжол биді жекпежекте өлтіруі, олардың ханнан жазалауға Қобыландыны сұрауы, елдің бас батырын Әбілхайыр ханның бермеуі, елдің осыдан кейінгі бүлінуі дерек ретінде нанымды келтірілген.
Бұл туралы қоғам қайраткері М.Тынышбайұлы «Қазақ шежіресі» жинағында да дәлел келтіреді: «Арғындар арасында көшпелі өзбектердің ханы Әбілхайырға жақын жүргендердің қатарында қара қыпшақ Қобыланды мен Арғын руынан ел Ақжол деп аиаған Дайырқожа болған екен деген аңыз бар. Олар іштей жауласып, ақыры Дайырқожа Қобыландының қолынан қаза табады. Арғындар Әбілқайырдан Қобыландыны қысас қылып өлтіруге қолдарына беруін сұрайды, бірақ хан оны орындауға сескенген екен. Сонда Арғындар (және Керейлер) Жәнібек пен Керей сұлтанға ілесіп Әбілқайырды тастап кетеді» (Тынышбайұлы, 1991, 17 б.).
Белгілі жазушы және тарихшы Қ.Салғарин осы деректерге сүйене отырып, Қобыландыны аңыздық тұлға емес, нақты он бесінші ғасырда өмір сүрген батыр деп дәлелдеп шықты.
«Шежіреде» қазақтардың қалмақтармен қақтығыстары, соғыстары туралы тарихи деректер мен аңыздар да едәуір орын алған. Оның: «Абайдың ұқтыруымен және сол кісінің жинақтаған мағлұматтары да шежіреде бар», - деген сөзіне бір мысал келтірейік.
«Әз Жәнібек қазақты Қашқардағы шағатай нәсіліне қаратқан соң, кешікпей, сол кезде қазақты һәм кешпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмед (Ахмет Қ.М.) деген баласы билеп, оның ағасы Жаніке (шын аты Махмуд) Деген Ташкентте үлкен хан болыпты», - дей келіп, Ахмед ханның қазақтан әскер жасақтап, қалмақты шапқанын баяндайды: «Қалмақты шаба берген соң, - дейді Ш.Құдайбердіұлы, қалмақтар Ахмед ханды «алашы» қойыпты, мағынасы - жан алғыш дегені. Оны естіген Ахмед хан «қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды. Енді қалмақты шапқанда «алашылап шабыңдар» деген соң, қазақтар «алашы» деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты. «Алашалаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмадық» деп, қазақтың мақтанатұғыны сол» (Құдайбердіұлы, 2007, 30 б.).
Одан әрі Жошы нәсілінен шыққан Шайбақ ханның Әмір Темір нәсіліне қарсы соғысын баяндай келіп: «Шайбақ Ташкенді алмақ болғанда, қазақты билеген Ахмед-Алаш хан мен ағасы ЖанікеМахмұд Ұратөбеде шайбақпен соғысқанда, қазақтар: «Шыңғыс тірі күнінде бізді жошы ұлысына беріп еді, шағатай біздің ханымыз емес, тәжік-сарт туысқанымыз емес, «Өзбек - өз ағам, сарт - садағам», - деп Шайбақ ханға қосылады(Құдайбердіұлы, 2007, 31 б.).
Сол соғыста Шайбақ жеңіп, Махмұд-Жаніке мен Ахмед-Алашты өлтірген соң, ондағы Шағатай нәсіліне қарап жүрген қазақпен жақын елдер және қазаққа қосылады. Бұл сөздің анықтығы Абұлғазы Баһадур Аристов екеуінің кітабында да бар. Сол себепті қазақтың ауыз екі сөзі де рас шықты. Ол уақытта Әз Жәнібек баласы Қасым хан еді. Қол астындагы халқы бір миллиондай болды» (Құдайбердіұлы, 2007, 32 б.).
Бұл туралы Е.Жалбағаев: «Қасым – Қазақ жерінің, елінің жинаушысы, қазақ хандығын бір орталыққа бағындыра алған мемлекет қайраткері, Ұлы хан. Оның тұсында ұзақ жылдарға созылған қазақ этносының қалыптасуы аяқталды. Қасымның бір орталыққа, заңға бағынған мемлекет құрудағы еңбегін, ұлттық идеясын кейінгі хандар жалғастыра алмады да, бытыраңқы, аумалы-төкпелі қазақ хандығын қалыптастырды», - дейді (Жалғабаев Е., 2016, 106 б.).
Ал енді осы тарихты А.Құнанбайұлы былайша баяндап жазған: «... Әмір Темір нәсілінен Құмаршайх баласы, белгілі Бабыр патшанын шешесімен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентте хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар шағатай нәсілінен Юнус ханның балалары болған. Сол қазақты билегенінің аты Ахмет екен. ...аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығарып, үш жүзбасыға билетіпті. Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарап: «Мынау бір алашы болды ғой» дейді, жаналушы болды дегенінің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты. Бабырнамада солай жазылған» (Құнанбайұлы, 2020, 116 б.).
Одан әрі Шайбақ ханның соғысын Ш.Құдайбердіұлының шежіресіндегідей баяндайды. Бұл арада А.Құнанбайұлы мен Ш.Құдайбердіұлының Юнус (Жүніс) ханның балалары: «Алашы» атанған Ахмет пен онын ағасы «Жаніке» атанған Махмұд туралы тарихын дұрыс дәлелдеп және толық баяндап жазғанына ерекше көңіл аударамыз. Бұндай мағлұмат бес томдық «Қазақ ССР тарихында» да жоқ («Қаз ССР тарихы: көне заманнан бүгінге дейін, 1980, 263 б.).
Абай мен Шәкәрімнің Ахметтің «алашы» атануы туралы жазғандарының тарихи дұрыстығын академик В.В.Бартольдтың еңбектерінен кездестіреміз. Бартольд Жүністі, оның үлкен баласы Ахмет туралы айта келіп, былай деп жазады: «Ахмет... ол ағасына ұқсамады. Оның жиені Бабырдың сипаттамасына сәйкес, бұл даланың нағыз ұлы, адам, мықты дене бітімі, қатал және батыл жауынгер болған... Ахмет екі шайқаста Тайшы-Есеннің қалмақ көсемін талқандады, оның подіктері қалмақтарға осындай қорқыныш тудырды, олар оған Алаша немесе Алашы деген лақап ат берді, яғни «Өлтіруші!»... дей келіп, 1503 жылы Ахметтердің Шайбанидың қолынан қаза тапканын айтады (Қонарбаева, 2005, 175 б.).
Бұдан біз Алаша хан атанған Ахметтің тарихын А.Құнанбайұлы да, Бартольдта Бабырдың жазуы бойынша баяндағанын және Ш.Құдайбердіұлының шежіресі А.Құнанбайұлының мәслихатымен жазылғанын көреміз.
Сонымен қатар Ш.Құдайбердіұлы шежіресінде қазақ тарихында болған елеулі оқиғаларды, сол замандағы хандардың шежіресін, атқарған істері мен ерліктерін ретімен баяндайды. Солардың бірі Керей ханның баласы Бұрындықтан кейін таққа келген Қасым хан. Ол туралы шежіреде: «Ол уақытта Әз Жәнібектің баласы Қасым хан еді. Қол астындағы халқы бір миллондай болды. «Қасым ханның қасқа жолы» деген қазақтың алғашқы бітім билігін шығарған осы хан еді», - дейді (Құдайбердіұлы, 2007, 47 б.).
Он бесінші ғасырдың соңында көшпелі Қазақ хандығының басқару жүйесі күрделі болды. 1511 жылдан бастап билікке келген Қасым хан қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы өз билігін нығайтады.
Бұл туралы тарихи еңбектерден де көреміз: «Қасым хан билігі кезінде қазақтардың ішкі саясатының негізгі ережелері түріндегі ерекше кодекс қабылданып, ол біздің заманға «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі арқылы жетті. Дегенмен, Қасымның басты еңбегі - мемлекет құрамына Сырдария төңірегіндегі бай сауда қалаларын қосып, мемлекет бодандарының санын арттырып, Қазақ хандығының іргесін нығайтуы болды» («Ұлы даланың қорғаушылары», 2016, 178 б.).
Шежіреде Қасым ханнан кейін Тәуекел ханның туған інісі Есім хан жайлы баяндалады: «Қазақтың еңсегей бойлы Ер Есім дейтұғын ханы осы және жоғарғы Қасым ханның қалған қазақтың жолын түзетіп, «Есім ханның ескі жолы» атандырған осы еді» (Құдайбердіұлы, 2007, 48 б.).
1598 жылы Қазақ хандығының тағына Есім хан отырады. Есім ханның негізгі мақсаты – мемлекеттің аймақтық тұтастығын нығайту болды. Бұл жайлы алаш арысы М.Тынышбаев былай дейді: «Егер Жәнібек кезінде Қазақ хандығы Алтын Орда хандарына бағынышты болса, Хақназардың кезінде дербестікке қол жеткізді және Есім хан заманында толықтай қалыптасып үлгерді. Есім хан билігі кезінде, 1625 жылы оған наймандар, бұрынғы Хиуа иеліктері қосылды. Ал Бұхардан қол үзген қоңыраттар тек XVIII ғасырдың ортасында ғана қосылды» («Тарихи тұлғалар», 2011, 102 б.).
«Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жиынтығы бір ғасырдан астам уақыт бойы қолданыста болды. Есім хан соның негізінде «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағын жасады. Халық арасында сақталған аңыздарға қарағанда Есім хан заңдар жинағына: «Хан болсын, ханға лайық заң болсын: абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын: би болсын, би түсетін үй болсын» деген жолдар қосады.
Бұл қосымша хандық пен қоғамның рухани өміріндегі саясиәкімшілік, әскери, сот құрылымы негізінде заңның бәрінен жоғары тұруға тиісті екенін ұқтырады. Заңдар жиынтығы құн төлеу, жер, жесір, мүлік дауындағы төлемдерге бөлінді (Зиманов, 2009, 302 б.).
Ш.Құдайбердіұлының шығармасында баяндалған Ұлы ханның бірі Жәңгір хан. Жәңгір хан билік құрған 1645 жылдан бастап жоңғарлармен көптеген шайқастар жүргізді.
«Есім ханнан соң баласы Жаһангер болды. Оны қазақ Салқам Жәңгір дейді. Онан соң оның баласы өз Тәуке хан болды. «Есім ханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді. «Күл төбенің басында күнде кеңес» деген жол бітім сол еді. Бұл әз Тәукенің тұсында қазаққа Қатаған да, қалмақ та, өзбек-сарт та жау болып, Ташкентті алып, қазақ онда көп тұра алмай, 1652 жылы ауып Амудариясының жағасына парсының бергі шетіне барды» (Құдайбердіұлы, 2007, 49 б.).
Жәңгір ханның ордасы сол кездегі Қазақ хандығының орталығы Түркістан қаласында болатын. Әрі ол мемлекеттің геосаяси мүддесіне де сәйкесетін. Ордасын тура орталыққа орналастырған хан елдегі жағдайды бақылауда ұстап, кез-келген саяси процестерді біліп отыратын.
Қазақ ханы Жәңгір Жоңғар қолы тарапынан өлтіргеннен кейін, хандықтың ішкі бөлігіндегі билеуші топтар арасындағы билік тартысы біразға созылып, 1680 жылы Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан тағына мұрагерлік етті.
Тәуке ханның билік құрған кезеңі жайлы «Қазақ хандары» кітабында: «Тәуке билеген заман халық зердесінде Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманы», «алтын ғасыр» деп еске алынады. 1748 жылы орыс елшісі М.Тевкелев «Тәуке хан ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады» деп көрсеткен. А.И.Левшиннің Тәукені антик кезеңінің саяси қайраткері Ликургке теңеген. Тәуке хан заңдары - реформашылдық қызметінің нәтижесінде қабылданған құқықтық нормалар жиынтығы. Тәуке хан заңдарының құрамына «Жеті жарғы», билер сотының тәжірибесі (түйінді биліктер, шежірелер) би-батырлардың ынтымағын арттыруға және көршілес елдермен дипломат және сауда-саттық қатынасты нығайтуға бағытталған жазба құжаттар кіреді», - деп жазады («Қазақ хандары», 2015, 68 б.).
XV ғасырдың орта кезінен бастап Орта Азияға және қазақ жеріне ойраттардың шапқыншылығының басталғаны белгілі, ал оны кейіннен осылардың тікелей мұрагерлері жоңғарлар жалғастырды. Соның нәтижесінде Қазақ жерінің шығысы мен оңтүстік-шығысының көп бөлігі қалмақтардың иеліктеріне өтті. Кітапта осыған байланысты «Қазақтың қалмақтан жеңіліп, Ақтабан шұбырынды көргені», «Әбілмансұр Абылай ханның келгені» сияқты тарауларда да нақтылы деректер, аңыздар, өлеңдер бар. Қазақ пен қалмақ соғысындағы қазақ елінің 1723 жылғы жеңілісі, көрген бейнеті «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атаулының мазмұны жайлы: «1690-ыншы жылдардың шамасында Әз Тәуке өліп, орнына баласы Болат хан болды. Осы келгенде қазақтың бұрынғы орнына қалмақ иеленіп қалған екен. Сол тақырыпты жанжал, төбелес болып, ақырында, 1723-інші жылы қазаққалмақ болып жиылып соғысқанда, қалмақтың бастығы Цеван Рабтан қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген. Сонда қазақтар ашжалаңаш, жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақсақал кісі айтыпты:
Балалар, адам бастан кешкен жақсылықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін де сондай ұмытпауы керек. Біздің бұл көрген бейнетіміздің аты: «Ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» болсын депті. Мағынасы, табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн дегені», - деп сыры туралы айта келіп, автор халық өлеңінің текстін келтіреді:
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман қай заман, бағы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман!
Қарындас пен кара орман қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын» (Құдайбердіұлы, 2007, 51 б.).
Осындай ел басына күн туған қиын заманда, XVIII ғасыр саясат сахнасына бірқатар жаңа саяси қайраткерлерді шығарды. Оның ішінде қазақ тарихында Абылай хан айырықша рөл атқарды. Абылай ханның дүниеге келуі мен жасаған ерліктерін Ш.Құдайбердіұлы шежіресінде тамаша суреттейді.
«Жоғарыда айтылған Салқам Жәңгірдің бір баласы Уәлибақи хандыққа өкпелеп Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға барды деп едік, оның баласы Абылай деген бек мықты болып, жекпе-жекке шыққан батырларды өлтіре берген соң, қанішер Абыйлай атанды. Оның баласы Көркем Уали, оның баласы Әбілмансұр, біздің хан Абылай дегеніміз осы Әбілмансұр еді. Жоғарыда үш атасы да Ғайып хан қолында тұрып хан болмай өлген. Мұның тұсында Ғайыптың нәсілінен хандық кетіп, жүдеу тартқан соң, Әбілмансұр жетім бала күнінде қазақ елім, Сарыарқа жерім деп іздеп үйсін, Төле бидің қолына келді. Төле би басында түйе бақтырып, онан соң жылқы бақтырып, ақырында әр түрлі мінездерінен ұнап бала қылып күтіпті. «Кімсің?» десе «білмеймін» деп, «атың кім десе?», «сіз қойған ат атым болсын» деген соң, шашы өскен киімі жыртық баланы Сабалақ деп ат қойыпты», - дейді шежіреде (Құдайбердіұлы, 2007, 53 б.).
Бұл туралы тарих кітаптарнда да жазылған. Сонда бұл оқиға «Ақтабан шұбырынды» заманына сай 1723-1724 жылдары орын алған. Аңыз бойынша, Әбілмансұр өзінің сенімді адамы Ораздың көмегімен ата қонысы Түркістанға келеді. Бірақ мұнда шыққан тегін жасырып, Сабалақ лақабымен Төле бидің малын бағып, күн көреді. Себебі, атасы Қанішер Абылайдың көптеген адамға, соның ішінде Тәуке ханның тұқымдарына зиян жасағанын ешкім ұмытқан жоқ еді. Мұнда көп тұрақтамай, ол Сарыарқаға кетіп, онда атығай-қарауыл Даулетбайдан пана табады (Уәлиханов, 2010, 235 б.).
Ары қарай Ш.Құдайбердіұлының шежіресінде Абылайдың ешбір соғыста жеңіліп көрмеген батыры Шарышты өлтіріп, жеңіске жетіп, ел ішінде танымал болып, өзінің орнын қайтарып хан тағына ие болуы баяндалады. Сондай-ақ Абылай хан мен қалмақ ханы Ғалдан Цереннің кездесуі жайлы, Абылайдың тапқырлығы мен Ғалдан Цереннің даналығы суреттеледі. Абылай ханның Үш жүздің басының қосылуы, жоңғарларға жүргізген соғыстары, бітімге келуі мен ерліктері айтылады.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қазақ халқына тигізген зардабы едәуір үлкен болды. Қазақтар қонысы мен шұрайлы мал жайылымдарынан айырылды. Жетісудағы және Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы бір кезде гүлденіп тұратын жасыл жазиралар енді қараусыз қаңырап бос жатты. Көршілес мемлекеттермен сауда-саттық байланысы да уақытша үзіліп қалды. Бірақ ең ауыр азапты қайғы-қасірет туған-туыстар мен жақын жандардың қазасы болды. Ш.Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша, қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға ұшыраған.
Жоңғарлар шапқыншылығының қазақ халқына тигізген зардабы жайлы М.Томпиевтің «Шекара шегін айқындау дәуірі» кітабында баяндалады: «Жоңғарлардың 100 000 адамдық жасағы қазақ ауылдарына басып кіріп, ойран салды. Мұндай қанды жорықтар 1723 - 27 жылдары аралығында тағы да бірнеше рет қайталанды. Бұл тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған ел басына күн туған ауыр кезең еді. Жоңғарлардың жойқын шабуылының кесірінен қазақтар 100 000 мыңға жуық жауынгерінен айырылды. Ал қорғансыз халықтың шығыны одан да көп еді. Абылай ханның айтуынша сол кездегі әрбір он адамның төртеуі қайтыс болған екен. Жоңғарлар ауылдарды өртеді. Малды айдап әкетті, бейбіт халықты қара шыбындай қырып салды. Сондықтан да амалы қалмаған Қазақтар малына да, үй-жайларына да, дүние-мүліктеріне де қарай алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болды» (Томпиев, 2015, 338 б.).
Жоңғар шапқыншылы кезінде қазақтың ру-тайпаларының географиялық орналасуында үлкен өзгерістер орын алды. Кейіннен келе Сарыарқаны мекендеген рулардың біраз бөлігі XVII-XVIII ғасырларда басқа өңірлерде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанда да жүргенін көреміз, соның бірі тобықтылар. Ш.Құдайбердіұлы арғын руларының ел басына түскен ауыр кезеңде қоныс іздеп әр түрлі жерлерде болғанын жазады
Қазақ-қалмақ жаугершілігі аяқталған соң: «Біздің тобықты Ордың (қазіргі Ресейдің Орск қаласының маңы) қара ағашына барған», - деп жазады Ш.Құдайбердіұлы(Құдайбердіұлы, 2007, 61 б.).
Кіші жүз мекендеген қияндағы Орға Тобықты зорға жеткен. Бірақ бұл жақта орыстың орнығып, қала-бекіністер салып қазақты қыспаққа алғанын көрген соң, ел басшылары көшті ата мекен - Шыңғыстауға бұрады.
XVIII ғасырдың соңы - Орта жүз руларының жоңғарлардан босаған Ертіс өңірі мен Шығыс Қазақстан аумағын емін-еркін иеленіп, жаппай қоныстанып жатқан кезі тұғын. Бірақ Шыңғыс жеріне ілінгенде Дадан тобықтының биі Қараменде Кеңгірбай биге былай деп сәлем жолдапты:
«Басында Сырдан шығып Орға келдік,
Табан тиіп жүре алмай зорға келдік.
Құл алдынан құрулы талқы деген,
Бұл жаққа баққа келмей сорға келдік» (Құдайбердіұлы, 2007, 61 б.).
«Сорға келдік» дегені, бұл аумақты бұрын келген матай, керей, уақ, тарақты рулары иеленіп, орнығып алған еді. Екіншіден, Ор, Тобыл бойы тәрізді Ертіс бойына да орыстың бекініс салып, алдын орап алғанын көріп айтқаны. Осымен ағайынға сыйымсыз, кәпірге жем болмауды ойлаған Дадан тобықты көп ұзамай Балқаш көлінің теріскейі Тоқырауын суы бойына ауады. Ал Кеңгірбай би «малға жайлы мекенім» деп неде болса шынғысқа табан тірейді. Көнбеген соң Қараменде оған кетерінде: «Үлкен боп сен қоныс ал, мен отау боп өріс алайын» деген екен. Солай тобықты Шыңғыс тауына ие болып, қоныстап қалған екен.
Қалай десек те, қазақ-жоңғар қарым-қатынасы әр сипатта болды. Екі халық арасындағы қарым-қатынастың тағы бір ақиқаты мынадай: 1755 жылы Абылай қазақ әскерін бастап жоңғарлардың Цин империясына қарсы күресіне көмектеседі. Ал жоңғарлардың кытай басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліс тапқаннан кейін жоңғарлардың басшысы Әмірсана Абылайды паналайды. Жоңғар тағынан үміттілердің бірі, қазақтарға іштартатын Әмірсана бекзадаға қолдау көрсету арқылы Абылай әлсіреген Жоңғарияны түпкілікті күйреуден аман сақтап, күші сарқылған мемлекетті Цин билігі мен Қазақ даласы арасындағы буферлік мемлекетке айналдыруға тырысады.
Бұл туралы Ш.Құдайбердіұлының шежіресінде де деректер келтірілген. Алайда Қытай мемелекеті Жоңғарларға ойсырата соққы береді. Бұл туралы шежіреде былай баяндалады: «1754 жылы Ғалдан хан өлген соң, қалмақтар өз ішінен бүлініп, қытайлар қалмақты шауып быт-шыт қылды, қалмақтың бұл бүлінгенін Аристов кітабында тибет пенен манғолдың алалығынан болды деп жазады» (Құдайбердіұлы, 2007, 58 б.).
Ш.Құдайбердіұлы жоғарыда Қалдан Серенді 1754 жылы қайтыс болғанын жазса жазса «Қазақстан тарихы» оқулығынла бұл оқиға туралы былай суреттеледі: «1745 жылы Жоңғар мемлекетінің ханы Қалдан Серен өліп, оның мирасқорларының арасында хан тағы үшін кескілескен талас басталады. 1755 жылы Қытай империясы жоңғар жеріне басып кіреді. Кейін көп кешікпец Жоңғар мемлекеті 1758 жылы біржолата құлады» (Мусин, 2008, 173 б.).
Осы оқиғадан кейін Абылай хан орыс патшасына сүйеніп қазақ халқын отырықшылыққа үйретемін деп жүргенде, Арғынның Бекболат деген биі мен Абылай арасында араздық пайда болып, Абылай хан ұлы жүзге кеткені жайлы Ш.Құдайбердіұлы былай дейді: «Бір тойда қазақтың бір қадірлі байының жалғыз баласы Абылай ханның немересін хан баласы екенін білмей қамшымен ұрса, басынан тымағы тускенде, хан баласы киетұғын белгілі оқалы тақиясы көрінген соң, Бекболат би «шырағым, кеш» деп Абылайға білдірмей қойыпты. Артынан Абылай хан естіп, «сол ұрған байбатшаны берсін, ханда қадір болмаса, қарада ұят қалмайды» деп Бекболатқа кісі жіберіпті. Бекболат өз баласы Тіленшіні жіберіп, «не мені алсын, не сұраған жігітті алсын» десе, Абылай хан «бұл Бекболаттың мені қазақтың бір баласы құрлы көрмегені ғой» десе, Тіленші Абылайға «Түйенің өзі түйе, құмалағы да түйе бола ма» деп қарсы сөз айтқан соң, «мынаның мені түйеге ұқсатып, баламды құмалақ дегенін» деп Тіленшіні ұстап алып ұлы жүзге қарай көшіпті. Артынан Бекболат барған да, Абылай хан «неге келдің» десе, «баламды бер, балама келдім» деген соң, Абылай хан: «Бекболат, сен мені іздеп келді ғой десем, ханның қадірі менен қазақтың елдігін жоғалтайын деген екенсің, балаңды ал да кет» - деп ұлы жүзге кетіп, сонда өлді. Абылайдың дәл қай жылы кеткенін біле алмадым, олай да болса қисыны 1788 жылының орайы болар» (Құдайбердіұлы, 2007, 65 б.).
Абылай ханның билікке келуі мен, Түркістанға кетуі жайлы ғалым А.Қ.Ахметов: «1771 жылы Түркістанда үш жүздің басшылары Абылайды хан етіп, ақ киізге көтерді. Орта жүзбен қатар Ұлы жүз де оны билеуші ретінде мойындады. Абылай хан Түркістан өңірінде тұрақтап, әр руға балалары арқылы билігін жүргізіп отырды. Абылай хан Ресей тұтқындарын қайтару талабын орындағысы келмей, өзін тәуелсіз билеуші ретінде ұстай бастады. Ресей үкіметі Абылай ханның қарсыластарының біріне қолдау көрсетіп күшейту арқылы онын билігін әлсіретудің жолдарын іздестірді. Абылай хан 1780 жылы күзде қайтыс болып, сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылды. Абылайдың балалары әкесінің өлімін Ресейге 1781 жылдың көктемінде ғана естіртіп, Уәли сұлтан генерал-майор Н.Г.Огаревке әкесі Абылай ханнын 69 жасында дүниеден өткенін хабарлайды», - деген дәлел келтіреді (Ахметов, 2020, 14 б.).
Ш.Құдайбердіұлының шежіресінің соңы қазақтың Ресей имперясына қосылуы жайлы оқиғаны баяндаумен аяқталады: «Абылай хан кеткен соң, орта жүзге қырық сан Барақ хан деген болса керек, онын баласы Бөкей хан болған, бұл кіші жүздегі Бөкей хан емес. Сол Бөкейге орыстың Александр Павлович деген патша тұсында әскер басы Глазунов деген кісі 1811 жылы хат жазғаны бар, орта жүздің хан атанғанынын ең соңы Тұрсын Шыңғысұлы, Бөкей немересі Қарқаралыны билеген. Содан соң хан деген біржолата қалып, қазақтан аға сұлтан сайланғаны бұл Тұрсын ханнан бұрын 1822 жылы еді. Қазақтың ең әуелі орыс законына қарай бастағаны сол. Онан кейін 1824 жылы да қырда округ ашылып, басында бес жылға шейін алымнан азат болып, онан соң жүз малдан бір мал алым берді. Ақырында 1868 жылы жаңа закон шыққан соң, қазақ бір жолата орыс законына қарады» (Құдайбердіұлы, 2007, 66 б.).
Шежіреде келтірілген «Абылай хан кеткен соң, орта жүзге қырық сан Барақ хан деген болса керек» десе тарихта «1780 жылы Абылай хан дүниеден өтіп, орнына келесі жылы халық Уәлиді хан көтереді. Сөйтіп, 1781 жылы 23-ші тамызда II Екатерина патшайымның хандыққа отыруы туралы грамотасы шығады», - деп баяндайды («Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках», 1964, 104 б.).
Жоғарыда шежіреде келтірілген деректер тарихта баяндалған зерттеулермен сәйкес келеді. Бұл туралы: «Патша үкіметі Қазақстан жеріндегі отарлау шараларын біртіндеп жүзеге асырды. Бір жарым ғасырға дерлік созылған Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі негізінен аяқталды. Бірақ, оның көптеген өзіндік ерекшеліктері бар еді. Ол ерекшелік өте күрделі, әрі көп жағынан әртүрлі қайшылықтармен сипатталды. Айтап айтқанда, қазақ жүздерін қосып алу әртүрлі сыртқы және ішкі шиеленіс жағдайында өтті. Кіші жүздің едәуір бөлігі, Орта жүздің кейбір аудандары ресейлік бодандықты өз еріктерімен қабылдады. Ал Орта жүздің үлкен бөлігі және Онтүстік Қазақстанның бірқатар аудандары тек патша үкіметі әскери күштерінің көмегімен қосылды», - дейді тарихшы Ч.Мусин өзінің еңбегінде (Мусин, 2008, 184 б.).
Тарих ғалымдарының докторы Е.Сыдықов өзінің «Шәкәрім еңбектерінде қазақ тарихының зерттелуі» деген мақаласында Ш.Құдайбердіұлының тарих пен география ғылымына қосқан үлесі жайлы айтады: «Шәкәрім қажының осы еңбектерін және жоғарыда айтылған шежіресін зерделе отыра, олардың бүгінгі тарих Ғылымының қызықты және терең зерттеуді кажет ететін тарихи география сияқты саласына мол дерек бере алатын шығармалар ретінде қарауға әбден тұрады. Мәселен, қазақ руларынын шығыс өңірге әр тарихи кезеңде келіп орналасуының мәселелері шежіреде де, эпикалық шығармаларында да айтылады. Мысалы, XVIII ғасырдың 80-ші жылдары Ертіс өңіріне, Шыңғыстауға келіп қоныс тепкен Тобықты руының сол ғасырдың басында Сыр бойын, Қаратау өңірін мекен қылып жүргені белгілі. Атақты қазақ биі Әнет бабаның, Әнет Кішікұлының Қаратауда жерленгенін де айтқан Шәкәрім қажы» («Шәкәрімтану мәселелері», 2007, 228 б.),
Ш.Құдайбердіұлы еңбегінде тек шежірелік деректерді беріп қана қоймай, қазақ халқының жүріп өткен жолын, тұтас тарихын баян етеді.
«Біздің қазақ басынан көшпелі болып ат үстінде жүрген халық қала болғанша мола бол, арық аттаған аштан өледі деп, отырықты өмірді жамандап, ер азығы елде, еріккендер қолда деп барымташылықты мақтап, тұрақсыз қазақтықпен күн кешкен жұртпыз...», - деп Ш.Құдайбердіұлы өзінің «Қазақтың қайдан шыққаны» атты тарауын аяқтайды (Құдайбердіұлы, 2007, 67 б.).
Қорытынды
Сонымен, «Түрік, қарғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» қазақ тарихы бойынша ең алғашқы шығарма болып саналады. Ш.Құдайбердіұлын қазақ мемлекеттілігінің тарихы бойынша ең үздік және зәру кітаптың авторы, ең алғашқы қазақ тарихшысы деп санауға толық негіз бар. Шежіреде жалпы тарих, тіл мен әдебиет, этнография туралы, тарихи тұлғалар жайлы және басқа да әлеуметтік, тарихи мәселелерге байланысты маңызын жоймаған деректер мол. Шежіреде қамтылған мәселелерді атап қана өткеннің өзінде мазмұн байлығы көзге түседі. «Шежіредегі» мынадай тараулар - «Қазақтың қайдан шыққаны», «Қазақтың үш жүзге бөлінгені», «Ұлы жүз жайы туралы», «Кіші жүз», «Орта жүз», «Арғын», «Әмір-темір нәсілі», «Шынғыс хан» т.б. Бүгінде халық қазынасына айналып отырған бұл мұра қоғамымызды рухани байытуға, оның гуманистік және адамгершілік идеяларын, мақсат-мұраттарын бекітуге қызмет ететіні хақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Абай. (2020). Қара сөздер = Слова назидания = Edifying Words. Нұр-Сұлтан: Фолиант.
Ахметов, А. Қ. (2020). Абылай хан әулеті. Нұр-Сұлтан: Алашорда.
Архарбаева, М. (2004). Шəкəрімнің шежіресі жəне тарихи шындыққа үйлесімдігі. Қазақ тарихы, (2), 52–58.
Баянғазыұлы, Е. (2015). Шыңғыстай. Өскемен.
Жалғабаев, Е. (2016). Қазақтың арғы атасы кім? Нормадтар, сақтар, ғұндар, түркілер және қазақтар (Қазақ тарихына бейресми көзқарас). Алматы: Білім.
Зиманов, С. (2009). Казахский суд биев - общекультурологическая ценность: монография. Алматы: Арыс.
Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках. (1964). 1771-1867 гг.: Сборник документов и материалов. Алма-Ата: Наука.
Қазақ ССР тарихы: көне заманнан бүгінге дейін. (1980). Т.2. Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы.
Қазақ совет энциклопедиясы. (1972). 12 т. Т.1. А-Аяпов (Бас. ред. М. Қ. Қаратаев). Алматы: Қазақ совет энциклопедиясы.
1Қазақ хандары. (2015). Энциклопедиялық анықтамалық жинақ. Алматы: Қазығұрт.
Құдайбердіұлы, Ш. (2007). Түрік, қарғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. Астана: Алтын кітап.
Құдайбердиев, Ш. (2012). Ақиқат айнасы. Алматы: Олжас кітапханасы.
Қонарбаева, А. Қ. (2005). Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығындағы рухани-діни және қоғамдық-философиялық лексиканың қолданысы. Өскемен: Медиа-Альянс.
«Қазақ» газеті. (2009). 1913 жыл. Алматы: Арыс баспасы.
«Қазақ» газеті. (2009). 1915 жыл. Алматы: Арыс баспасы.
«Қазақ» газеті. (2009). 1916 жыл. Алматы: Арыс баспасы.
Моңғолдың құпия шежіресі: XII-XIII ғасырлардағы көшпелілер шежіресі. (2009). (М. Сұлтанияұлы, ауд.). Алматы: Өнер.
Мусин, Ч. (2008). Қазақстан тарихы. Алматы: Норма-К.
Оразаева, Ф. (2012). Әбубәкір Диваев - фольклорист. Алматы: Білім.
Сәтбаева, Ш. Қ. (1990). Шәкәрім Құдайбердиев. Алматы: Қазақ ССР «Білім» қоғамы.
Сейсенұлы, Д. (2007). Шәкәрім. Астана: Фолиант.
Сулейменов, О. (2004). Собрание сочинений. Т-4, кн. 1, 2. Алматы: Атамура.
Сыдыков, Е. Б. (2018). Шакарим Кудайбердиев. Алматы: ТОО «Курсив».
Тарих - адамзат ақыл-ойының қазынасы. (2008). Т. 10: Түркі халықтарының тарихи ойы: ғылыми басылым. Астана: Фолиант.
Тарихи тұлғалар. (2011). Танымдық-көпшілік басылым: мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Алматы: Алматыкітап.
Томпиев, М. (2015). Шекара шегін айқындау дәуірі = Эпоха обретения границ. Алматы: Идан.
Тынышбайұлы, М. (1991). Қазақ шежіресі. Целиноград: Қаламгер
Уәлиханов, Ш. (2010). Көп томдық шығармалар жинағы: Т. 4. Алматы: Толағай.
Ұлы даланың қорғаушылары. (2016). Хранители великой степи. A Country of Great Steppe. Алматы: Тау-Қайнар.
Шәкәрім мен Қайым. (2009). Тағдырлас = Шакарим и Каюм. Сплетение судеб. Астана: Фолиант.
Шәкәрімтану мәселелері. (2007). Сериялық ғылыми жинақ. 2-т. Алматы: Раритет.
Дулат, М. Х. (2020). Тарих-и Рашиди (И. Жеменей, ауд.). Алматы: Қазақ университеті.
Жанғабаев, Е. (2016). Қазақ тарихына бейресми көзқарас: Нормадтар, сақтар, ғұндар, түркілер және қазақтар. Алматы: Білім.
Paidalanğan ädebietter tızımı
Abai. (2020). Qara sözder = Slova nazidaniya = Edifying Words. Foliant.
Ahmetov, A. Q. (2020). Abylai han äuletı. Alaşorda.
Arharbaeva, M. (2004). Şəkərımnıŋ şejıresı jəne tarihi şyndyqqa üilesımdıgı. Qazaq tarihy, 2, 52–58.
Bayanğazyūly, E. (2015). Şyŋğystai. Öskemen.
Jalğabaev, E. (2016). Qazaqtyŋ arğy atasy kım? Normadtar, saqtar, ğūndar, türkıler jäne qazaqtar (Qazaq tarihyna beiresmi közqaras). Bılım.
Zimanov, S. (2009). Kazahskii sud biev - obщekulturologicheskaya tsennost: monografiya. Arys.
Kazahsko-russkie otnoşeniya v XVIII-XIX vekah. (1964). 1771-1867 gg.: Sbornik dokumentov i materialov. Nauka.
Qazaq SSR tarihy: köne zamannan bügınge deiın. (1980). T. 2. Qazaq SSR-ınıŋ «Ğylym» baspasy.
Qazaq sovet entsiklopediyasy. (1972). 12 t. T.1. A-Ayapov (Bas. red. M. Q. Qarataev). Qazaq sovet entsiklopediyasy.
Qazaq handary. (2015). Entsiklopediyalyq anyqtamalyq jinaq. Qazyğūrt.
Qūdaiberdıūly, Ş. (2007). Türık, qarğyz, qazaq häm handar şejıresı. Altyn kıtap.
Qūdaiberdiev, Ş. (2012). Aqiqat ainasy. Oljas kıtaphanasy.
Qonarbaeva, A. Q. (2005). Şäkärım Qūdaiberdıūly şyğarmaşylyğyndağy ruhani-dıni jäne qoğamdyq-filosofiyalyq leksikanyŋ qoldanysy. Media-Alyans.
«Qazaq» gazetı. (2009). 1913 jyl. Arys baspasy.
«Qazaq» gazetı. (2009). 1915 jyl. Arys baspasy.
«Qazaq» gazetı. (2009). 1916 jyl. Arys baspasy.
Moŋğoldyŋ qūpiya şejıresı: XII-XIII ğasyrlardağy köşpelıler şejıresı. (2009). (M. Sūltaniyaūly, aud.). Öner.
Musin, Ch. (2008). Qazaqstan tarihy. Norma-K.
Orazaeva, F. (2012). Äbubäkır Divaev - folklorist. Bılım.
Sätbaeva, Ş. Q. (1990). Şäkärım Qūdaiberdiev. Qazaq SSR «Bılım» qoğamy.
Seisenūly, D. (2007). Şäkärım. Foliant.
Suleimenov, O. (2004). Sobranie sochinenii. T-4, kn. 1, 2. Atamura.
Sydykov, E. B. (2018). Şakarim Kudaiberdiev. TOO «Kursiv».
Tarih - adamzat aqyl-oiynyŋ qazynasy. (2008). T. 10: Türkı halyqtarynyŋ tarihi oiy: ğylymi basylym. Foliant.
Tarihi tūlğalar. (2011). Tanymdyq-köpşılık basylym: mektep jasyndağy oquşylar men köpşılıkke arnalğan. Almatykıtap.
Tompiev, M. (2015). Şekara şegın aiqyndau däuırı = Epoha obreteniya granits. İdan.
Tynyşbaiūly, M. (1991). Qazaq şejıresı. Qalamger.
Uälihanov, Ş. (2010). Köp tomdyq şyğarmalar jinağy: T. 4. Tolağai.
Ūly dalanyŋ qorğauşylary. (2016). Hraniteli velikoi stepi. A Country of Great Steppe. Tau-Qainar.
Şäkärım men Qaiym. (2009). Tağdyrlas = Şakarim i Kayum. Spletenie sudeb. Foliant.
Şäkärımtanu mäselelerı. (2007). Seriyalyq ğylymi jinaq. 2-t. Raritet
Dulat, M. H. (2020). Tarih-i Raşidi (İ. Jemenei, aud.). Qazaq universitetı.
Janğabaev, E. (2016). Qazaq tarihyna beiresmi közqaras: Normadtar, saqtar, ğūndar, türkıler jäne qazaqtar. Bılım.
